Шығыс Қазақстан облысында интернет-алаяқтық фактілері азайғанымен, қауіп әлі сейілген жоқ. Биылғы алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша өңірде 296 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бар-жоғы бес жағдайға аз. Дегенмен мамандар бұның өзі азаматтардың киберқауіпсіздік талаптарына көңіл бөле бастағанын көрсететінін айтады.
ШҚО киберқылмыспен күрес департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Бекжан Малғаждаровтың айтуынша, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы алаяқтардың да айла-тәсілдерін жетілдіріп отыр. Қазір олар түрлі психологиялық тәсілдерді қолдана отырып, азаматтарды алдап, жеке деректері мен қаржысын иемденуді көздейді.
Құқық қорғау органдарының деректеріне сүйенсек, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлерінің бірі – жалған курьерлік қызмет арқылы жүзеге асырылатын схемалар. Алаяқтар өздерін жеткізу компаниясының қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға сәлемдеме келгенін хабарлайды. Сенімге кіру үшін олар SMS арқылы келген растау кодын сұрайды. Біраз уақыт өткен соң қайта хабарласып, енді өздерін мемлекеттік қызмет порталының өкілдері ретінде таныстырып, «жеке деректеріңізге қауіп төніп тұр» деген сылтаумен тағы да код сұрайды немесе бейне арқылы тексеруден өтуді талап етеді. Осындай әрекеттер салдарынан азаматтар өзінің банк шотындағы қаражатынан айырылып қалуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, мұндай алаяқтық әрекеттерді дер кезінде тану үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. Атап айтқанда, күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдарға SMS-кодтарды жария етпеу және жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеу керек.
Сонымен қатар интернет-дүкендер, пәтер жалдау қызметтері мен қала сыртындағы демалыс орындарын ұсынатын жалған хабарландырулар арқылы да алаяқтық жиі жасалады. Қаскөйлер тартымды ұсыныстар жасап, алдын ала төлем талап ету арқылы азаматтарды алдап кетеді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары кез келген онлайн мәміле барысында сақ болуға, әсіресе алдын ала төлем жасаудан бас тартуға кеңес береді.
Қазір өңірде интернет-алаяқтықтың алдын алу және оған қарсы күрес шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2026–2028 жылдарға арналған киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бағдарламасы және «Anti-Fraud» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр, — деп атап өтті Бекжан Малғаждаров.
Полиция қызметкерлері халықпен тікелей байланыс орнатып, тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмысын жүргізу және ақпараттық жадынамалар тарату арқылы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға күш салады. Мамандардың пікірінше, киберқылмыспен күрестегі ең тиімді әдіс – оның алдын алу. Сондықтан әрбір азамат сақтық шараларын сақтап, жеке қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға тиіс.
Егер сіз интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе күмәнді жағдайға тап болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет. Ол үшін 102 нөміріне қоңырау шалу жеткілікті.




