Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Қытайдың Карамай қаласында өтіп жатқан халықаралық білім беру семинарына қатысты. Аталған бағдарлама Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы әріптестік негізінде ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды F16.kz.
Делегация құрамында әртүрлі сала мамандары — бизнес, IT-индустрия, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, сондай-ақ креативті индустрия өкілдері бар. Бұл – цифрлық трансформация мен инновациялық дамудың алғы шебінде жүрген мамандардың тәжірибе алмасуына бағытталған маңызды қадам.
Бес күнге жоспарланған семинар барысында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қытай елінің өкілдері заманауи ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектіні тәжірибеде қолдану бағытында білімін жетілдіреді. Сонымен қатар делегаттар Қытайдың озық технологиялық инфрақұрылымын көріп, ірі IT-парктер мен жетекші компаниялардың жұмысымен танысады.
Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген делегация жетекшісі, облыстық туризм кеңесінің төрағасы, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңесші Сымбат Рамазанов мұндай бастамалардың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
Бүгінде мұндай оқу бағдарламалары аса өзекті. Мемлекет басшысы бұл жылды жасанды интеллектіні кеңінен енгізу жылы деп жариялады. Сондықтан бизнес пен IT-мамандарды даярлайтын білім беру ұйымдары үшін бұл — өте қажетті қадам. Халықаралық ынтымақтастық әрдайым дамуға жол ашады. Оның үстіне Қытай — біздің жақын көршіміз, сондықтан бұл бағыт біз үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды, — деді ол.
Сонымен қатар іс-шараға Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы жергілікті атқарушы органдарының өкілдері қатысып, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.
Алдағы күндері қатысушыларды мазмұнды оқу бағдарламасы, тәжірибе алмасу алаңдары және жаңа халықаралық байланыс орнатуға бағытталған кездесулер күтіп тұр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар Шығыс Қазақстанның цифрлық әлеуетін арттырып, өңірдің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.




