Биыл Шығыс Қазақстан облысында мектеп оқушыларының 99,9 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл мақсатқа аудан-қалалардың бюджетінен шамамен 362 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Балалар лагерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса назар аударылып отыр, оған 59,4 миллион теңге қарастырылды. Сондай-ақ жылда көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына жолдама беріледі. Биыл оған 215,9 млн теңге бөлінді, — деп атап өтті басқарма басшысы.
Қазір өңірде барлығы 93 853 оқушы білім алып жатыр. Олардың 99,9 пайызын жазғы демалыспен қамту көзделген. Оның ішінде әлеуметтік осал топқа жататын 8 525 бала толық қамтылады.
Жаз мезгілінде өңірде түрлі форматтағы лагерьлер мен бірнеше демалыс орны жұмыс істейді. Айталық, 12 қала сыртындағы сауықтыру орталығы 10 652 баланы қабылдауға дайын. 276 мектеп жанындағы лагерьде 19 218 бала ыстық тамақпен қамтылады. Бұдан бөлек, қосымша білім беру ұйымдары мен аула клубтарының жанынан 63 мыңнан астам оқушыны қамтитын 226 бейіндік алаң ұйымдастырылады. Мұнда балалардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған түрлі үйірмелер мен іс-шаралар өткізу жоспарланған, — деді Қуат Оқасов.
Айта кетейік, жыл сайын облыс оқушылары Алматы, Щучье және Қонаев қалаларындағы жыл он екі ай істейтін Ұлттық білім беру және сауықтыру орталықтарында тегін демалады. Жыл басынан бері бұл орталықтарда 162 оқушы демалып қайтты. Жазғы кезеңде тағы 108 балаға жолдама берілсе, желтоқсанға дейін тағы 135 оқушы барады.
Самар ауданындағы «Балауса» лагерінде 7-8 сынып оқушыларына арналған әскери-спорттық балалар сауықтыру орталығы биыл да өз жұмысын жалғастырады. Мұнда бір жазда 100 бала қамтылып, қызықты спорт сайыстары, жорықтар мен алғашқы әскери даярлық ойындары өткізілмек.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балақайларға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне және дарынды оқушыларға Бұқтырма су қоймасында қайықпен қызықты саяхат ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Колледждер базасында кәсіптік бағдар беру жұмысы жалғасады. 10 колледжде 550 оқушы жазғы демалысын өткізіп, түрлі мамандықпен жақын танысуға мүмкіндік алады. Балалар роботты техника, бағдарламалау, мехатроника, лазерлік кесу, аспаздық және шет тілдері бойынша шеберлік сабақтарына қатысады. Сондай-ақ әлеуметтік санатқа жататын 150 колледж студентіне Бұқтырма жағалауында жазғы сауықтыру демалысы ұйымдастырылады, — деді Қуат Оқасов.
Балалардың қызықты демалыспен қамтылуынан бөлек, қауіпсіздігі де басты назарға алынуға тиіс. Бұл ретте жазғы демалысты қауіпсіз ұйымдастыру мақсатында облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен ведомствоаралық штаб құрылған. Оның құрамына ішкі істер, төтенше жағдайлар, санитария-эпидемиологиялық бақылау, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының өкілдері кіреді.
Басқарма басшысы су айдындарына жақын орналасқан «Балауса», «Жігер» және «Балақай» лагерьлерінде арнайы тексерулер жүргізіліп, шомылу орындары қауіпсіздік талаптарына қатаң мән берілетінін атап айтты.




