Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасында құрылыс саласын дамытуға арналған кеңес өтті. Жиынға бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының мамандары қатысты, деп хабарлайды F16.kz.
Күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның бірыңғай оператор ретіндегі тұрғын үй құрылысын қолдау тетіктері болды. Қатысушыларға құрылыс компанияларының ұсынысын арттыруға және тұрғын үйдің халық үшін қолжетімді болуын кеңейтуге бағытталған құралдар таныстырылды.
Отырыс барысында үлестік құрылысқа кепілдік беру, кешенді жобаларды қаржыландыру, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді дамыту және ипотекалық бағдарламаларды жетілдіру мәселелері қаралды. Сонымен қатар тұрғын үй қорын жаңғырту тәсілдері мен нарықтың ашықтығы мен қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістерге назар аударылды.
Бизнес қауымдастық өкілдері, әсіресе өңірлерде жаңа жобаларды іске асыру үшін бірыңғай оператор құралдарына қолжетімділікті кеңейту қажеттігін атап өтті.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Сәкен Абдуллин құрылыс саласын ынталандыру, әкімшілік кедергілерді азайту және инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін қосымша шаралар қажет екенін айтты.
Кеңес қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, оларды мемлекеттік саясатты қалыптастыру барысында ескеру үшін уәкілетті органдарға жолдау жоспарланып отыр.




