Шығыс Қазақстан облысында жастардың әскери-патриоттық рухын шыңдайтын SHYGYS AIBYNY-2026 облыстық жиыны басталды. Биыл дәстүрлі додаға өңірдің қала—аудандарынан келген 131 жас қатысып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.

Сынға түскен командалар құрамында ұлдармен қатар қыздар да болуы қазіргі жастардың белсенділігі мен тең мүмкіндігін әйгілегендей.
Әскери-патриоттық жиынның шымылдығы саптық шерумен түрілді. «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігі өңірлік филиалының төрағасы Даурен Шоматовтың жетекшілігімен қатысушылар сап түзеп, әскери тәртіп пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Бұдан кейін жастар қару-жарақты меңгеру, кедергілер жолағынан өту, тактикалық іс-қимылдар сияқты әскери-қолданбалы дайындық элементтері көрсетіп, шеберліктерін паш етті.
Жиынның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл бастаманың жастарды тәрбиелеудегі маңызына ерекше тоқталды. Аймақ басшысының айтуынша, мұндай шаралар жас буынның бойында патриотизм, жауапкершілік және тәртіп сияқты қасиеттерді қалыптастырады.
Бүгін сіздер жай ғана жарысқа қатысушы емессіздер. Сіздер – еліміздің болашағысыздар. Осындай іс-шаралар мінез қалыптастырып, командамен жұмыс істеуді, шешім қабылдауды үйретеді, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімі өзінің әскер қатарында азаматтық борышын өтеген кезін еске алып, сайысқа қатысушы жастармен бірге автоматты бөлшектеу дағдысын сынап көрді. Жастар өңір басшысын ашық аспан астындағы дала асханасынан дәм татуға шақырып, еркін форматта сұхбат құрды.

Биыл 11-ші жыл қатарынан тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан «Айбын» жиыны бүгінде жастар қозғалысын дамытудың маңызды алаңына айналды. Шығыс Қазақстанда әскери-патриоттық тәрбие жүйелі түрде жолға қойылған. Қазір өңірдің 24 мектебінде «Жас сарбаз» сыныбы ашылып, 267 клуб пен бірлестікте 5,5 мыңнан астам жас тәрбиеленіп жатыр. Бұл көрсеткіштер өңірдегі жастар саясатының нақты нәтижесін аңғартады.
Өскемендегі әскери бөлімнің базасында өтіп жатқан жиынға қатысушыларды алда түрлі сынақтар күтіп тұр. Атап айтқанда, дене төзімділігін арттыру, командалық үйлесімділікті нығайту және қиын-қыстау сәтте жылдам әрі дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамыту. Үздік шыққан командалар мен қатысушылар республикалық және халықаралық деңгейде облыс намысын қорғайтын болады.

Өскемендегі 27943 әскери бөлімінің базасында өтіп жатқан SHYGYS AIBYNY-2026 облыстық жиынының басты мақсаты — жастардың бойынша әскери-патриоттық тәрбие қалыптастыру, Қарулы Күштердің имиджін көтеру. Сайысқа облыстың екі қаласы мен 11 ауданынан келген 13 команда қатысып жатыр. Биыл аймақ басшылығының тапсырмасымен жарыстың жүлде қоры молайып, 1 млн теңге болды. Жеңімпаз команда биылғы маусымда Ақмола облысында өтетін халықаралық кезеңге жолдама алады, — деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбеков.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, елдің болашағы – жастардың қолында. Сондықтан осындай әскери-патриоттық жобалар олардың тұлғалық қалыптасуына, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға және жауапты азамат болып өсуіне берік негіз қалайды.

«Айбын» әскери-патриоттық жиыны – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған ең ірі әрі беделді жобалардың бірі. Бұл бастама еліміздің Қорғаныс министрлігі мен бірқатар мемлекеттік органдардың қолдауымен тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Жиынның басты мақсаты – жасөспірімдердің әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру, олардың физикалық дайындығын, тәртібін және командалық рухын қалыптастыру. Әдетте сайысқа 14–18 жас аралығындағы жастар қатысады, олардың қатарында әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, әскери мектептердің курсанттары және «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелері бар.
«Айбын» бағдарламасы тек спорттық жарыстармен шектелмейді. Қатысушылар әскери-қолданбалы сайыстарда (атыс, автоматты бөлшектеу-жинау, кедергілер жолағы), тактикалық ойындарда және зияткерлік байқауларда бақ сынайды. Сонымен қатар шығармашылық және медиа бағыттағы конкурстар да өткізіледі, бұл жастардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары жиынның ауқымы кеңейіп, халықаралық деңгейге шықты. Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей елдерінің командалары да бұл бәсекеге қатысып жүр. Мұндай формат жастар арасындағы достық байланыстарды нығайтып, тәжірибе алмасуға жол ашады.




