Қазақстанда бағдарламалау және жасанды интеллект бағытындағы Tomorrow School білім беру жобасы өз жұмысын бастады. Жаңа бастама еліміздің 14 өңірін қамтып отыр. Солардың қатарында Шығыс Қазақстан облысы да бар. Жобаның ресми ашылуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телемост арқылы қатысып, бұл IT саласын дамытуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Шығыс Қазақстан өңірінде Tomorrow School Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында жүзеге асырылады. Бұл шешімді облыс әкімдігі қолдап, университетті негізгі алаң ретінде бекіткен. Мұндай таңдау оқу орнының цифрландыру саласындағы тәжірибесі мен заманауи инфрақұрылымына байланысты жасалған.
Ашылу салтанатына облыс әкімдігі аппаратының басшысы Ерлан Текешов пен цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Қайрат Бимағамбетов қатысты. Бұл жобаға облыс басшылығы тарапынан жоғары деңгейде қолдау көрсетіліп отырғанын білдіреді.
Tomorrow School – білім берудің жаңа форматы. Мұнда оқу тегін және оған 18 жастан асқан барлық азамат қатыса алады. Бағдарлама IT саласын жаңадан бастап жатқан адамдарға да арналған.
Оқытудың ерекшелігі – дәстүрлі сабақтардың болмауы. Студенттер білімді өзара тәжірибе алмасу, бірлескен жұмыс және нақты жобаларды орындау арқылы меңгереді. Оқу мерзімі 18–24 айға созылады. Осы уақыт ішінде қатысушылар 50-ден астам жобамен жұмыс істеп, JavaScript, Go, Python, Rust секілді бағдарламалау тілдерін үйренеді.
Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл қатысушылардың теориялық білімін ғана емес, нақты дағдыларын да дамытады. Атап айтқанда, өздігінен шешім қабылдау, сыни ойлау, командада жұмыс істеу қабілеттері қалыптасады.
Жоба аясында студенттер оқу инфрақұрылымына тәулік бойы пайдалана алады.
Сарапшылардың пікірінше, Tomorrow School жобасының іске қосылуы өңірдің цифрлық әлеуетін арттырып, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Ал университет үшін бұл – технологиялық білім беру саласындағы көшбасшы ретіндегі орнын нығайтудың тағы бір қадамы.




