Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының кезекті сессиясында 2025 жылға арналған өңірдің дамыту жоспарының орындалуы мен облыстық бюджеттің атқарылуы қаралды. Сессия отырысында аймық басшысы Нұрымбет Сақтағанов баяндама жасады, деп хабарлайды F16.kz.
Облыс әкімі былтырғы көрсеткіштерді қорытындалай келе өңірде әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталғанын атап өтті.
Кейінгі төрт жылда жалпы өңірлік өнім 1,5 есе өсіп, 5 трлн теңгеге жетті. 2025 жылғы өсім инвестиция, құрылыс, ауыл шаруашылығы және жұмыспен қамту есебінен қамтамасыз етілді. Облыс экономикасына 838 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 73%-дан астамы – жеке қаражат. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі үш есе артып, 1,7 млрд долларға жетті, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Әкімнің айтуынша, облыста былтыр 407 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 29 мың жұмыс орны құрылған. Ал орташа жалақы 10%-ға өскен.
Агроөнеркәсіп кешенінде де жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 554,6 млрд теңгеден асса, экспорт көлемі 420,6 млн доллар болған. Қайта өңделген өнім үлесі 67,5%-ға жетті. Инвестициялық жобалар іске асырылып, суармалы егіншілікті дамыту, ауыл шаруашылығы жерін айналымға қайтару жұмысы белсенді жүргізіліп келеді.
Өсімнің негізгі драйверінің бірі – шағын және орта бизнес. Бұл салада 153 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік қолдау көлемі жылына 80 млрд теңгеден асады.
Туризм – болашағы зор әрі табысты саланың бірінен саналады. Былтыр бұл салаға 21,6 млрд теңге инвестиция тартылып, туристер ағыны 9%-ға артты. Өңірде төрт туристік кластер дамып, қонақүй, туристік кешен мен көлік инфрақұрылымын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Жол инфрақұрылымын жаңғыртуға баса мән берілген. 2025 жылы 856 шақырым жол жөнделсе, биыл тағы 308 шақырым жолды қалпына келтіру көзделген. Жол айрығын салу және қоғамдық көлікті дамыту секілді ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр.




