Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлерді қолдау орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл ұйым кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар және өзге де мәселелер бойынша кеңес береді, деп хабарлайды F16.kz.
Өңірде қазір де кәсіпкерлікті қаржыландыратын бірнеше институт жұмыс істейді. Алайда, жас кәсіпкерлерге қажетті көмек алу қиынға соғатыны жасырын емес.
Әр институт әртүрлі жерде орналасқандықтан кәсібін енді бастағандарға ақпарат жеткіліксіз болып жатады. Сондықтан бірыңғай хаб құру жоспарланып отыр. Онда барлық қаржыландыру институттары, яғни «Атамекен» ҰКП, «Ертіс» ӘКК» АҚ, «Даму» қоры және облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, ауыл шаруашылығы басқармасы және басқа да ұйым өкілдері шоғырланады, – деді ШҚО Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаев.
Оның айтуынша, кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау алудың бірыңғай әрі түсінікті алгоритмі, арнайы жол картасы әзірленеді. Бұл жүйе кез келген кәсіпкерге қолжетімді әрі түсінікті болмақ.
Жоспар бойынша орталық жыл соңына дейін ашылуға тиіс.




