Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық саябағы ашылады, деп хабарлайды F16.kz.
Саябақтың басты ерекшелігі – оның бірегей тұжырымдамасында. Саябақ аумағы Шығыс Қазақстан облысының картасы пішінінде жасалған. Осы аумақта облыс құрамындағы 13 қала мен ауданның өкілдері өз ағаштарын отырғызып, өңірдің дамуына үлес қосады.
«Таза Қазақстан» жобасы қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлықты арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Қазіргі таңда өңірде елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және тазалықты сақтау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Шешек асуында ашылатын жаңа саябақ тек экологиялық шара ғана емес, сонымен қатар облыс тұрғындарының бірлігі мен ынтымағын айқындайтын маңызды қоғамдық кеңістікке айналады. Бұл орын демалыс аймағы ретінде дамып, тұрғындар мен қонақтар үшін, әсіресе балалар үшін, тартымды мекен болмақ.
Саябақтың салтанатты ашылуы 8 мамыр күні сағат 15:00-де Шешек асуында өтеді.




