Шығыс Қазақстанда көші-қон заңнамасын бұзған 18 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды F16.kz.
Тәртіп сақшылары жыл басынан бері Қазақстан Республикасы азаматтығынан шыққан 300-ден астам адамды тіркеген.
Одан бөлек, заңнама аталаптарын бұзған 18 адам жауапқа тартылды. Оның ішінде 14 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған, тағы 4 адам азаматтығынан айырылғаннан кейін де Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарын пайдаланған, — дейді ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаев.
Мәселен, көші-қон қызметінің қызметкерлері 2026 жылдың наурыз айында басқа мемлекеттің азаматтығын алған ерлі-зайыптыларды анықтады. Алайда олар бұл туралы уәкілетті органдарға дер кезінде хабарламаған.
Тәртіп бұзушылардан Қазақстан Республикасы азаматтарының құжаттары тәркіленіп, азаматтықтан айырылу рәсімі тіркелгеннен кейін олар ел аумағынан шығарылды. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оларға Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды.
ШҚО Полиция департаментінің көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес елде қос азаматтыққа жол берілмейтінін еске салады.




