ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Өскемен қаласында заңсыз алкоголь өнімдерін өндірумен айналысқан жасырын цехтардың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды F16.kz.
Төрт мекенжайда орналасқан қойма ғимараттарында спиртті сумен араластыру арқылы қолдан жасалған алкоголь өнімдері өндіріліп, кейін танымал брендтердің атауымен шыны ыдыстарға құйылған.
Өнімге заңды тауарға ұқсас сипат беру үшін жалған есептік-бақылау маркалары пайдаланылған.
Тінту барысында құрамында спирті бар 26 тонна сұйықтық, «Таежный волк», «Stolichnaya», «Добрый медведь», «Казахстан» атауларымен дайындалған заңсыз алкоголь өнімдері және жалған есептік-бақылау маркалары мен құюға арналған жабдықтар тәркіленді. Олардың қатарында сорғылар, спиртометрлер, сыйымдылықтар және қаптау материалдары бар. Цехтарда тәулігіне 500-ден 1000 литрге дейін өнім құйылған, — делінген департамент хабарламасында.
Сот санкциясымен заңсыз өнімді тасымалдауға пайдаланылған 5 жүк автокөлігіне тыйым салынды. Заңсыз алкоголь өнімдері қаладағы және облыс аудандарындағы сауда орындары арқылы сатылған.
Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Қаржылық мониторинг агенттігі мұндай өнімдерді тұтыну азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін ескертеді.




