Шығыс Қазақстан облысында кене шағуына байланысты медициналық көмекке жүгінгендер саны екі мыңнан асты, деп хабарлайды F16.kz сайты облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасап.
Мамандардың мәліметінше, өңірдің эндемиялық аумақтарында кене шаққан 2155 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Оның ішінде 609-ы – 14 жасқа дейінгі балалар.
ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сәуле Слямгазинаның айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 632 жағдайға аз.
Зардап шеккендердің 93,8 пайызына серопрофилактика жүргізілген. Ал қалған 134 адам кене эндемиялық емес аумақта шаққандықтан, медициналық көмекке кеш жүгінгендіктен, иммуноглобулиннен бас тартуына немесе алдын ала вакцина алғанына байланысты профилактикадан өтпеген.
Биыл облыста кене энцефалитінің зертханалық расталған бір жағдайы тіркелді. Ауру Өскемен қаласының тұрғынынан анықталған. Сонымен қатар Зайсан ауданында Лайм ауруының екі жағдайы тіркелген.
Дәрігерлер тұрғындарға табиғат аясында демалған кезде сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес береді. Мамандар жабық киім киіп, денені және киімді жиі тексеріп отыру қажеттігін ескертеді.
Айым АМАНГЕЛДИНА




