Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында жаңа әуежайдың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өңір үшін стратегиялық маңызы зор нысанның құрылыс барысымен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ауданға жұмыс сапары барысында танысты, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Құрылысты бас мердігер – «ЭЛХОН СТРОЙ» ЖШС жүзеге асыруда. Бүгінде нысанда 300-ден астам жұмысшы мен 73 техника жұмылдырылған.

Мердігер ұйымның мәліметінше, әуежай кешенінің құрылысы 75 пайызға аяқталған. Ұзындығы 2200 метр болатын жасанды ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы, перрон, дренаж жүйесі және инженерлік коммуникациялар толық салынып біткен.
– Қазіргі таңда нысанның дайындығы 75 пайызды құрайды. Ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы, перрон және инженерлік инфрақұрылым бойынша жұмыстар толық аяқталды. Жобаны белгіленген мерзімде пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді жоба жетекшісі Ербол Қажыбаев.
Қазір құрылысшылар жолаушылар терминалын, авариялық-құтқару қызметінің ғимаратын, гараждар мен материалдық-техникалық қоймаларды, сондай-ақ жанар-жағармай сақтау қоймаларын салуға басымдық беріп отыр. Сонымен қатар жылу, су, кәріз және электр желілерін қамтитын сыртқы инженерлік желілер тартылуда.
Әуежай терминалының жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайды. Пайдалануға берілгеннен кейін әуежай Bombardier Q400 және ATR 72 секілді өңірлік әуе кемелерін қабылдай алады.
Алғашқы сынақ рейсін биылғы жазда орындау жоспарланып отыр.
Нысанды аралау барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаның өңір үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
– Бұл – облыс үшін стратегиялық маңызы жоғары жоба. Сондықтан құрылыс сапасы мен нысанды белгіленген мерзімде аяқтау басты назарда болуы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Әуежай іске қосылғаннан кейін Үрімші қаласына, Алтай өңіріне және Қанас көлі бағытына халықаралық әуе рейстерін ашу жоспарланған. Сонымен қатар Астана, Алматы және Өскемен қалаларына ішкі бағыттар бойынша тұрақты рейстер ұйымдастырылады.
Жаңа әуежай Зайсан ауданының көлік қолжетімділігін жақсартып қана қоймай, туризм мен кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, Шығыс Қазақстан облысының халықаралық және өңіраралық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді.





