Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылында тұрғындар көптен күткен маңызды нысан пайдалануға берілді. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы ауыл жұртшылығы үшін ғана емес, аудан спорты үшін де айтулы оқиға болды, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Жаңа спорт нысанының ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров қатысты.
Соңғы жылдары елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықтың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасау дені сау ұлт қалыптастырудың басты алғышарттарының бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы бағыттағы жұмыстар өңірлерде нақты жобалар арқылы жүзеге асырылуда.
Ақжар ауылында бой көтерген жаңа кешен соның жарқын мысалы. Жалпы аумағы 1200 шаршы метрден асатын нысан толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталған. Бір ауысымда 47 адамға дейін қабылдай алатын кешенде спортшылар мен ауыл тұрғындарының алаңсыз жаттығуына барлық жағдай жасалған.

Салтанатты шара барысында облыс әкімі жаңа нысанның аудан жастары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша облысымызда бұқаралық спорт жүйелі түрде дамып келеді. Тарбағатай дегенде ең алдымен ауданның сайдың тасындай волейболшылары еске түседі. Жаңа кешенде тек волейбол ғана емес, өзге де спорт түрлерінен көк туымызды көкте желбіретер чемпиондар шығады деп сенемін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Аймақ басшысы спорт мекемесінің қажеттіліктері үшін шағын автобустың сертификатын да табыс етті.
Бұл – Тарбағатай ауданында ел игілігіне беріліп отырған екінші ірі спорт нысаны. Кешенде баскетбол, волейбол, шағын футбол, теннис, бадминтон, бокс, қазақ күресі және ауыр атлетика секілді спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар. Барлық залдар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Ғимаратта спортшылардың қолайлығы үшін жуыну және киім ауыстыру бөлмелері, дәрігер кабинеті, жаттықтырушыларға арналған арнайы бөлмелер қарастырылған. Бұл өз кезегінде жаттығу үдерісінің сапалы әрі қауіпсіз ұйымдастырылуына мүмкіндік береді.
Тарбағатай ауданы ежелден спорттық дәстүрі қалыптасқан өңірлердің бірі саналады. Әсіресе аудан волейбол мектебімен республика көлемінде танымал. Жергілікті спортшылар талай мәрте облыстық және республикалық жарыстарда топ жарып, өңір мерейін үстем етіп келеді. Сондықтан жаңа спорт кешенінің ашылуы аудан жастары үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады.
Мамандардың айтуынша, ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және бұқаралық спортты кеңінен дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар мұндай нысандар талантты спортшыларды анықтап, олардың кәсіби деңгейде өсуіне жағдай жасайды.
Ашылу рәсімінен кейін облыс әкімі Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік концертті тамашалап, Ақжар аллеясына көшет отырғызды. Бұл іс-шаралар балалар мерекесінің мазмұнын толықтыра түсіп, өскелең ұрпаққа қамқорлық пен туған жерге деген жанашырлықтың үлгісін көрсетті.
Ақжарда ашылған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені – жай ғана ғимарат емес. Бұл – ауыл жастарының арманына жол ашатын, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге қызмет ететін және болашақ чемпиондарды баптайтын маңызды орталық. Ең бастысы, бұл нысан ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.





