2026 жылғы 3 маусымда Мәжіліс депутаттары пленарлық отырыста «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды F16.kz Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар, осы заңға қатысты ілеспе заң жобалары да қолдау тапты.
Қылмыстық рақымшылық аясында қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар және келтірілген залал болмаған немесе толық өтелген орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан адамдарға қатысты қылмыстық істерді тоқтату ұсынылып отыр. Бұл норма сот қарауындағы істерге де қатысты болады. Амнистия заң күшіне енгенге дейін жасалған құқықбұзушылықтарға қолданылады,- деді Абзал Құспан.
Сонымен қатар, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін сотталған адамдарды жазадан босату ұсынылады. Атап айтқанда:
- қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасағандар;
- зиян келтірмеген немесе келтірілген залалды толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар.
Бұдан бөлек, орташа ауырлықтағы, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың өтелмеген жаза мерзімін қысқарту жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 78-бабына сәйкес, амнистия аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм қылмыстары, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, азаптау фактілері, қылмысты қайталап жасау жағдайлары, қоғамдық қауіптілігі жоғары құқықбұзушылықтар, жақында қылмыстық жауапкершілік енгізілген әрекеттер, сондай-ақ сырттай сотталған адамдар амнистияға ілікпейді», – деді Абзал Құспан.
Сондай-ақ заң жобасында рақымшылық қолданылмайтын қылмыстардың нақты тізімі белгіленген.




