Сотталғандарға ұялы телефон, интернет құрылғылары мен есірткі жеткізу әрекеттері әлі де тыйылмай отыр. Жыл басынан бері өңірдің қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері мекеме аумағына тыйым салынған заттарды кіргізбек болған 30-дан астам жағдайды анықтаған, деп хабарлайды F16.kz.
ШҚО бойынша ҚАЖД ресми өкілінің айтуынша, сотталғандардың біріне жіберілген сәлемденің ішінен бірнеше ұялы телефон, Wi-Fi роутер, SIM-карталар, қуаттағыш құрылғы мен сымды және сымсыз құлаққаптар табылған. Құрылғылардың бір бөлігі шай қораптарының ішіне жасырылған.
Айта кетейік, қызметкерлер бұған дейін де нанның ішіне жасырылған ұялы телефондарды тапқан. Сондай-ақ сотталғандардың біріне кіргізбек болған 15 смартфон мен мекеме аумағына өткізілмек болған жалпы салмағы екі келіге жуық есірткі тәркіленген.
Жыл басынан бері тыйым салынған заттарды лақтырған және өткізбек болған 30-дан астам әрекеттің жолы кесілді. Әрбір факт дер кезінде анықталып, тиісті шаралар қабылданған. Сәлемдемелерді, кездесулер арқылы берілетін заттарды және мекемелерге іргелес аумақтарды бақылау күшейтілді, – дейді ШҚО бойынша ҚАЖД ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Сондай ҚАЖД ресми өкілі азаматтарға тыйым салынған заттарды алып өтуге, беруге немесе мекеме аумағына лақтыруға әрекет жасағаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.




