Өскемен қаласының сол жағалау бөлігіндегі тұрғындар үшін маңызды жаңалықтардың бірі – «Жаңа Өскемен» теміржол станциясында жолаушылар пойыздарының тоқтау мәселесінің қарастырылуы. Қазіргі уақытта бұл бағытта қала әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы арасында тиісті жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышовтың айтуынша, бастама ең алдымен Жібек жолы мөлтек ауданы мен сол маңдағы шағын аудандардың тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Егер жолаушылар пойыздары аталған станцияда тұрақты түрде тоқтайтын болса, тұрғындардың қала ішіндегі қатынасы едәуір жеңілдеп, жолға кететін уақыт қысқарады.
Соңғы жылдары қаланың сол жағалау бөлігінде тұрғын үйлер саны артып, халық тығыздығы көбейіп келеді. Осыған байланысты көлік және логистика мәселелері өзекті болып отыр. «Жаңа Өскемен» станциясының әлеуетін тиімді пайдалану тұрғындардың теміржол көлігіне қолжетімділігін арттырып, қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға оң әсерін тигізбек.
Сонымен қатар вокзалға қатынауды жақсарту мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Республика көшесінде жүргізілген жол жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жол жабыны жаңартылып, көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасалды.
Қала әкімдігі тұрғындардың көлік қызметтеріне қолжетімділігін арттыру және жол инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жалғастыруда. Ал «Жаңа Өскемен» станциясында пойыздардың тоқтау мәселесінің оң шешімін табуы сол жағалау тұрғындары үшін маңызды әрі көптен күткен өзгерістердің бірі болмақ.




