Биыл Күршім ауданында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 30 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Күршім ауданы әкімінің орынбасары Сымбат Дүйсенғазин айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Қазір аудан бойынша үй кезегінде 379 адам тұр. Оның ішінде 200-ден астамы әлеуметтік осал топтар санатында жатады.
Үйлерді сатып алуға жалпы соммасы 513,9 млн. теңге қаражат бөлінді. Қазір Алғабаста бір баспананың, Күршімде үш үйдің, Қыстау Күршімде екі және Жолнұсқауда екі үйдің құрылысы басталды. Мердігерлер үйлерді салып қана қоймай, барлық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартуға тиіс. Бұл өз кезегінде ауданның ауылдық елді мекендерінде кезекте тұрған әлеуметтік жағынан осал топтар санатындағы және көп балалы отбасылардың, ата – анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалардың тұрғын үй мәселесін шешуде оң нәтижесін береді, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар биыл Күршім ауылында екі және Алғабас ауылында бір балалар ойын алаңы салынып, Теректібұлақ және Бурабай ауылдарындағы футбол алаңының қоршауы мен Қойтас ауылындағы ойын алаңы жөнделген.
Қазіргі уақытта Сарыөлең ауылында хоккей кортының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Одан бөлек, биыл екі мектепке ағымдағы жөндеу жүргізуге қаржы бөлінген. Сонымен қатар биология және химия кабинеттері сатып алынды. Офтейк-келісімшарт аясында Бірлік ауылында 50 орындық мектеп құрылысы аяқталуға жақын.
Бұдан бөлек, Қыстау-Күршім ауылында 50 орындық мектеп құрылысы басталды. Сенімгерлік басқару аясында Балаларды қорғау күні қарсаңында Күршім ауылында 140 орындық «Дара бала» балабақшасы пайдалануға берілді, – деп атап өтті Сымбат Дүйсенғазин.




