ШҚО-да «Altai Invest» форумы аясында қол қойылған 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Инвестор тарапынан қолдау тапқан жобалар толық қаржыландырылып, қазір құрылыс жүргізілуде. Ал, тағы 9 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген, деп хабарлайды F16.kz.
Айта кетейік, былтыр өңірге инвестиция тарту мақсатында «Altai Invest» форумы ұйымдастырылған. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шет мемлекеттерден инвесторлар қатысып, жалпы құны 739,6 млрд теңгені құрайтын 38 меморандумға қол қойылған.
Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген жобалардың қатарында Өскемен қаласындағы «СК «Наш Дом» ЖШС жүзеге асыратын ДСП өндіру зауытын реконструкциялау және жаңғырту жобасы бар. Жобаның құны 3,1 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар Риддер қаласында «Скай Тау Риддер» ЖШС премиум-класс туристік нысан салуды жоспарлаған. Жоба аясында мотокросс, эндуро, багги, квадроцикл, маунтинбайк және тау қармотоциклдеріне арналған трассалар салынбақ. Инвестиция көлемі – 2,1 млрд теңге.
Глубокое ауданының Прапорщиково ауылында құрылыс материалдарын (бетон бұйымдарын) өндіруді ұйымдастыру және кеме жасау өндірісін дамыту жоспарда бар. Аталмыш жобаны «AKKU LTD» ЖШС жүзеге асырады. Ал, Самар ауданында «Кузмич» ЖШС балық өсіру кешенін кеңейтпек. Сондай-ақ өңірде «Эко-Орман» ДСП тақталарын өндіру зауытының құрылысы да қолға алынады. Жобаның жалпы құны 7,2 млрд теңгені құрап отыр. Одан бөлек, мал шаруашылығы қалдықтарын терең өңдеу жобасы, екі су электр станциясын салу, «Pana Asia» туристік жобасы мен Шемонаиха ауданында «KGE Hydro 2» су электр станциясын салу көзделген, — деді облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ирина Смит әкімдік отырысында.
Сонымен қатар басқарма өкілі 17 жоба бойынша жер учаскелерін рәсімдеу, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік кепілдіктер алу мәселелерін шешу қажеттігін атап өтсе, 9 меморандум орындамлауы мүмкін екенін жасырмады.
Кейбір мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары жеткіліксіз жүргізілген. 2026 жылғы 1 маусымнан бастап «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының директорлар кеңесінің шешімімен өңірлік блок таратылды. Осыған байланысты инвесторларды сүйемелдеу және ведомствоаралық үйлестіру мәселелерінде жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі айтарлықтай артып отыр. Сондықтан өңірлерде инвесторлардың өтініштерін жедел қарау, туындайтын мәселелерді уақытылы шешу және жобаларды тиімді сүйемелдеу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет, — дейді ол.




