10-12 шілде күндері Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі өтеді. Қазір ауданда үш күнге созылатын ауқымды шараға қызу дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін шараны өңір жұртшылығы асыға күтеді. Биыл фестиваль аясында айтыс, поэзия кеші, аламан бәйге, ұлттық спорт түрлерінен жарыс, қолөнер мен этно-мәдени шаралар және жұлдыздардың қатысуымен өтетін ауқымды гала-концерт өтеді.
Жиналған жұртшылық үшін Қарақалпақстан, Әзірбайжан, Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Моңғолия, Тыва, Башқұртстаннан арнайы келген өнерпаздар мен елімізге танымал эстрада жұлдыздары Сармат тобы және Төреғали Төреәлі өнер көрсетеді. Ал, фестивальдің басты хедлайнері – Димаш Құдайберген. Әлем сахнасын бағындырып жүрген қазақтың дара дауысты баласы Алтай аспанын әнге бөлемек.
Биыл да еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, алыс-жақын шетелдерден туристер келеді деп жоспарлап отырмыз. Ауданда қазір 3000 адам қабылдайтын 350 үй мен 1500 адамды қабылдайтын 150 киіз үй дайын. Одан бөлек, су мен жарық тартылған арнайы алаң дайындылды. Онда туристер өз шатырларын құрып, орналаса алады, — деді Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Серік Жакитов.
Сондай-ақ әкімдік өкілі азық-түлік бағасы да бақылауға алынатынын атап өтті.




