Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында энергетика, өнеркәсіп және әлеуметтік инфрақұрылым салаларында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімінің орынбасары Данияр Жүнісов мәлімдеді.
Энергетика саласындағы ірі жобалар
Аудан аумағында су энергетикасын дамытуға бағытталған жобалар қатар қолға алынуда. Атап айтқанда, «Уба өзенінің арнасында орта қуатты су электр станциясын салу» жобасы республикалық инвестициялық жобалар пулының құрамына енгізілген. Жобаның жалпы құны шамамен 180–200 млн АҚШ долларын құрап, 20 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жалпы қуаты 200 МВт болатын тағы екі су электр станциясын салу жоспарланған. Бұл бағыттағы жобаларға шамамен 200 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр.
Өнеркәсіп және жер қойнауын игеру
Өңірде тау-кен саласы да дамытылмақ. «Aurum International Mining Limited» компаниясы құны 11 млрд теңге болатын «Қатты пайдалы қазбаларды барлау» жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жоба нәтижесінде 20 жаңа жұмыс орны ашылады.
Барлау жұмыстары аяқталғаннан кейін алтын өндіру бағытына көшу және кеннен алтын бөліп алу зауытын салу көзделіп отыр.
Кәсіпкерлікті қолдау және қаржыландыру
Ауданда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асуда. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 143 млн теңгеден астам сомаға несие берілді.
Өз ісін ашу және кеңейту үшін әрқайсысы 1,7 млн теңге болатын 13 грантқа квота бөлінді. Сонымен қатар «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы шеңберінде екі жоба мақұлданды. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 14 азамат оқытудан өтті.
Агроөнеркәсіп кешені
Ауыл шаруашылығы саласында ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. «1000 басқа арналған сүт-тауар фермасын салу және кеңейту» жобасы ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Инфрақұрылым және әлеуметтік сала
Ауданда халықты ауыз сумен қамту деңгейі 100 пайызға жеткен. Үлкен Речка және Березовка ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ Шемонаиха қаласының 11, 12 шағын аудандарында және Теміржолшы шағын ауданында су жүйелері жаңғыртылды.
Жол инфрақұрылымын дамыту аясында биыл аудандық маңызы бар «Предгорное – Верх-Уба» автомобиль жолының 2,4 шақырым бөлігіне орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
Жұмыспен қамту
Халықты жұмыспен қамту – ауданның басым бағыттарының бірі. Қазіргі таңда 233 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 164 адам уақытша жұмыспен қамтылған. Атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке қабілетті азаматтардың шамамен 80 пайызы жұмыспен қамту шараларына тартылған.
Денсаулық сақтау
Денсаулық сақтау саласында да екі маңызды жоба іске аспақ. Биыл «KAZ Minerals» ЖШС Шемонаиха қаласындағы жұқпалы аурулар бөлімшесін қайта жаңғыртып, жаңа дәрігерлік амбулатория салуды жоспарлап отыр.




