Шемонаиха ауданында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасы аясында биыл 100 жас жұмыспен қамтылмақ.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімінің орынбасары Данияр Жүнісов мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Оның айтуынша, жазғы маусымға жоспарланған жұмысқа жастар кезең-кезеңімен тартылуда.
– Жазғы кезеңде «Жасыл ел» жобасы аясында 100 жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Оның ішінде 50 жас Шемонаиха қаласында, ал тағы 50 жас ауданның ауылдық округтері мен кенттерінде еңбек етеді. Сонымен қатар 8 маусымнан бері 30 адам жұмысқа орналастырылды, – деді Данияр Жүнісов.
«Жасыл ел» жастар жасақтары экологиялық жұмыстарды атқарып қана қоймай, жастарды еңбекке баулу, табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында жүзеге асырылады.
Жоба аясында жастар абаттандыру, көгалдандыру және қоршаған ортаны тазарту жұмыстарына қатысады.




