Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Антониу Кошта және Урсула фон дер Ляйен қатысқан рәсім барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды, деп хабарлайды F16.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасында «Әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы» келісім жасалды. Құжат авиация саласындағы әріптестікті кеңейтуге және әуе қатынастарын дамытуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Air Astana мен Airbus арасында 50 әуе кемесіне дейін тапсырыс беру туралы келісімге қол қойылды. Бұл отандық әуе паркінің жаңаруына және жолаушылар тасымалы мүмкіндіктерінің артуына ықпал етеді.
Көлік инфрақұрылымын цифрландыру бағытында Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі интеллектуалды көлік жүйесін енгізу және «Е-жолдары» цифрлық платформасын әзірлеу үшін грант бөлу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Бұдан бөлек, ҚазАвтоЖол мен Еуропалық инвестициялық банк арасында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының құрамына кіретін Қазақстан өңірлеріндегі автомобиль жолдарын қалпына келтіру жобаларын қаржыландыру жөніндегі меморандум жасалды.
Өнеркәсіп саласында да маңызды келісімге қол жеткізілді. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі Минералдар мен металдар саласындағы озық тәжірибелік орталық құруға арналған техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу және ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды.
Қол қойылған құжаттар көлік, авиация, инфрақұрылым және өнеркәсіп салаларындағы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған.




