Марқакөл ауданында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Биыл «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған 12 жеке тұрғын үйдің құрылысы басталды, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Бұл туралы аудан әкімі Рүстембек Кемешев Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында айтты.
Жобаның нәтижесінде барлығы 24 пәтер пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған. Қазіргі таңда барлық нысандарда құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Үйлерді пайдалануға беру мерзімі шілде айына жоспарланған.
Жаңа баспаналар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Қазіргі таңда Марқакөл ауданында тұрғын үй кезегінде 89 адам тұр. Оның ішінде 17-сі – көпбалалы отбасы.
Сонымен қатар аудан орталығы Марқакөл ауылында әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған 30 пәтерлі үш қабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Жоба оффтейк келісімшарттары аясында жүзеге асады.
Жергілікті билік тұрғын үй құрылысы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, өңірде кадрларды тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп отыр.




