Марқакөл ауданында жылумен қамту жүйесін жаңғырту бағытында ауқымды инфрақұрылымдық жоба қолға алынуда. Аудан орталығында жаңа орталық қазандық пен жылу желілерін салу жобасы әзірленіп жатыр, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Бұл туралы Бұл туралы аудан әкімі Рүстембек Кемешев Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында айтты.
Жобаға сәйкес, қуаты 6 Гкал болатын жаңа қазандық салынып, ұзындығы 12 шақырымға жуық жылу желілері тартылады. Бұл жаңа әлеуметтік нысандарды және қайта жаңғыртылатын ғимараттарды орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Марқакөл ауылындағы қолданыстағы жылу желілерін қайта жаңғырту жобасына жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Сараптаманың оң қорытындысы алынған бұл жобаның жалпы құны 4,9 млрд теңгені құрайды. Оның аясында 10,3 шақырымнан астам жылу желісі жаңартылады.
Биыл Қазақстан ауылындағы мектеп пен Марқакөл ауылындағы балабақшаның жылу желілеріне де ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған.
Жергілікті биліктің мәліметінше, бұл жобалар алдағы жылдары аудан тұрғындарын тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.




