Шығыс Қазақстан облысында өтетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне қатысатын қонақтар мен туристер үшін Өскемен мен Катонқарағай ауданы арасында қоғамдық көлік қатынасы ұйымдастырылады, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов фестивальге дайындық мәселелері қаралған жиында мәлімдеді. Оның айтуынша, арнайы автобус рейстері 9-12 шілде аралығында қатынайды.
– Қонақтар мен туристерді лайықты күтіп алып, фестивальді жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек. Халықтың қауіпсіздігіне, жайлылығына баса мән берілуі тиіс. 9-12 шілде аралығында Өскемен мен Катонқарағай ауданы аралығында қоғамдық көлік қатынасы ұйымдастырылсын. Әрқайсыларыңыз нәтижеге бағытталған нақты жұмысты үйлестірулеріңіз қажет, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы фестивальге дайындық барысында қауіпсіздік, көлік қатынасы, қонақтарды қабылдау және барлық ұйымдастыру жұмыстары ерекше бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті.
Еске салсақ, «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі 10-12 шілде аралығында Катонқарағай ауданында өтеді. Бағдарлама аясында халықаралық және республикалық деңгейдегі мәдени-көпшілік іс-шаралар, этноауыл, ақындар айтысы, поэзия фестивалі, ұлттық спорт түрлері мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальге еліміздің әр өңірінен және шетелден мыңдаған қонақ келеді деп күтілуде.




