10-12 шілде аралығында Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында өтетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында ұйымдастырылатын республикалық ақындар айтысының жеңімпазы жеңіл автокөлікке ие болады, деп хабарлайды F16.kz сайты.
11 шілде күні өтетін «Ақтанымын Алтайдың» республикалық ақындар айтысына еліміздің танымал 12 ақыны қатысады. Дәстүрлі сөз сайысының бас жүлдесіне жеңіл автокөлік тігілген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, айтыс фестивальдің ең көп көрермен жинайтын мәдени шараларының бірі болмақ.
Сол күні «Altay Fest 2026» фестивалі қақпасының маңында этноауыл ашылады. Онда келушілер қазақ халқының дәстүрлі тұрмысымен, қолөнерімен және ұлттық мәдениетімен таныса алады. Этноауылдың кіреберіс бөлігінде қойылатын петроглифтер арқылы Алтай өңірін мекендеген ежелгі халықтардың дүниетанымы мен рухани мәдениеті таныстырылады.
Фестивальдің әдеби бағдарламасы да мазмұнды болмақ. Оның аясында республиканың жетекші ақындарының қатысуымен «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты республикалық поэзия фестивалі ұйымдастырылады. Ақындар Алтайдың табиғаты мен тарихын, ұлт руханиятындағы орнын жырлап, шығармашылық кеш өткізеді.




