Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласын халықаралық тәжірибе негізінде дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Израильдің MVI Medical Center медициналық-білім беру орталығының президенті әрі бас директоры Наталья Хедватпен кездесті, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, медицина қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ медицинаны цифрландыру бағытындағы заманауи шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.
MVI Medical Center 16 жылдан астам уақыт бойы дәрігерлердің Израиль мен Еуропаның жетекші клиникалары мен ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтуін ұйымдастырып келеді. Сонымен қатар орталық біліктілікті арттыру бағдарламалары мен тәжірибелік шеберлік сабақтарын тұрақты түрде өткізеді.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысының медицина мамандары жыл сайын шетелдік жетекші медициналық орталықтарда білімдерін жетілдіріп келеді. Жуырда ғана өңірдің бір топ дәрігері Германиядағы оқу бағдарламасын аяқтап, кәсіби біліктіліктерін арттырып оралды.
Кездесу барысында Наталья Хедват медицина қызметкерлерін төтенше жағдайларда әрекет етуге даярлау, медициналық туризмді дамыту және медициналық көмекті ұйымдастырудағы озық халықаралық тәжірибені енгізу бағытындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасына өңірде салынып жатқан 300 орындық облыстық көпбейінді аурухана, онкологиялық орталық және жаңа Гематология орталығы үшін мамандарды халықаралық білім беру бағдарламалары арқылы даярлау, сондай-ақ шетелдік сарапшыларды тарту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Халықаралық әріптестікті нығайту өңірдегі медициналық қызметтің сапасын арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.




