Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің биылғы түлектерінің қатарында Қазақстандағы ең ұзын бойлы спортшылардың бірі – Аяжан Амангельдиева да бар. Бойы 2 метр 5 сантиметр болатын талантты спортшы «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасы бойынша оқуын сәтті аяқтады, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Аяжан спорттағы жолын небәрі бес жасынан бастап, волейболмен айналысу арқылы бастаған. Табандылығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында ол Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанып, Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.
Спорттық мансабында шығыс өңірінің «Алтай» және батыс Қазақстанның «Ақтөбе» волейбол клубтарының намысын қорғаған спортшы 2025 жылдан бастап баскетболға бет бұрды. Қазіргі уақытта ол Алматы қаласының «Томирис» баскетбол клубының сапында өнер көрсетіп келеді.
Аяжан Амангельдиеваның оқу мен кәсіби спортты қатар алып жүруі – мақсатқа ұмтылған жастар үшін жарқын үлгі. Университетте алған білімі мен спорттағы тәжірибесі оның алдағы жетістіктеріне берік негіз болмақ.





