Катонқарағай ауданында 10–12 шілде аралығында өтетін халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестиваліне дайындық аяқталуға жақын. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйелері күшейтіліп, Starlink спутниктік интернеті орнатылады. Сонымен қатар ұялы байланыс, Wi-Fi, азық-түлік және жанармай қорын қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Фестиваль күндері тұрғындар мен қонақтардан жеке қауіпсіздік талаптарын сақтап, қоғамдық тәртіпті бұзбау, жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстану және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындау сұралады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдан бері Катонқарағай ауданында 102 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай-ақ ат спорты жарыстары өтетін ипподром аумағы да толықтай бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылау үшін автоматты түрде жылдамдықты тіркейтін бес «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істеп тұр.
Фестивальге келетін қонақтардың сапалы байланыспен қамтылуына да ерекше назар аударылған. Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсембаевтың айтуынша, Берел ауылында 10 Starlink спутниктік интернет кешені орнатылады. Олар қатысушыларға, қонақтарға, ұйымдастырушыларға және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне тұрақты интернет пен сенімді байланыс ұсынуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ұялы байланыс операторларымен және «Қазақтелеком» АҚ-мен телекоммуникациялық қызметтердің сапасын жақсарту бойынша келіссөздер жүргізілген.
Фестивальдің негізгі іс-шаралары Катонқарағай ауылындағы ипподром аумағында өтеді. Мұнда Beeline, Tele2/Altel және Activ/Kcell операторларының мобильді базалық станциялары орнатылады.
«Қазақтелеком» АҚ фестиваль өтетін орынға дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін тартып, жоғары жылдамдықты деректерді беру арнасын ұйымдастырды. Сондай-ақ ұйымдастырушылар мен қонақтар үшін Wi-Fi желісі қолжетімді болады.
Бұдан бөлек, фестиваль кезінде адамдар көп жиналатын орындарда интернеттің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қосымша 25 Starlink кешені пайдаланылады. Оның бесеуі Үлкен Нарын ауылынан Катонқарағай ауылына дейінгі жол бойындағы жанармай құю бекеттеріне орналастырылады.
Өңірге келетін қонақтардың көп болатынын ескерген жергілікті билік қажетті азық-түлік пен жанармай қорын да алдын ала дайындаған. Аудан дүкендерінде 30 күнге жететін азық-түлік қоры жасақталған. Жергілікті наубайханалар тәулігіне 5 800 бөлке нан пісіруге дайын. Ал ауданның төрт жанармай құю станциясында 10 күндік жанармай қоры қамтамасыз етілген.
Осыған байланысты фестивальге жеке автокөлікпен келуді жоспарлаған шығысқазақстандықтарға мүмкіндігінше жолға шығар алдында көліктеріне жанармай құйып алуға кеңес беріледі.
Қабылданып жатқан барлық шаралар халықаралық фестиваль қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, байланыс сапасын арттыруға және іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне мүмкіндік береді.





