Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің облыстық департаменті тұрғындарға 21 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Мамандардың мәліметінше, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 16 түрі зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі арқылы жүзеге асырылады.
Есепті кезеңде тұрғындар ең көп жүгінген қызметтердің қатарында жасына байланысты және мемлекеттік базалық зейнетақыны тағайындау, бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақыларды рәсімдеу, жерлеуге арналған біржолғы төлемдерді тағайындау, сондай-ақ инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтары бойынша айырманы төлеу қызметтері болды.
Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында өңірде цифрлық сервистерді дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Соның нәтижесінде есепті кезеңде 468 мемлекеттік қызмет электрондық үкімет порталы арқылы көрсетілсе, 6 539 қызмет проактивті форматта рәсімделген.
Мамандардың айтуынша, цифрлық қызметтердің үлесін арттыру азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгіну уақытын қысқартып, қажетті қызметтерді ыңғайлы әрі жедел алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл мемлекеттік қызмет көрсету процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға да ықпал етіп отыр.




