Шығыс Қазақстан облысындағы «Өңірлік мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы болып Нұржан Құрманғалиев тағайындалды. Бұған дейін ол Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Нұржан Қайратұлы 1985 жылғы 4 мамырда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2007 жылы Семей педагогикалық мемлекеттік институтын «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаса, 2010 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Еңбек жолын 2007 жылы «Бастион» жеке ұйымы» ЖШС-де бастаған. 2010 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, Өскемен қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінде бас маман қызметін атқарды.
Әр жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Дене шынықтыру-сауықтыру кешені» КМҚК-де заңгер және директор, «Қосымша білім беру және дене шынықтыру мен спорт орталығы» КММ-де бас маман, сондай-ақ «Қайнар» колледжінде кадр бөлімінің басшысы болды.
2013 жылдың қазан айынан бастап әділет органдарында қызмет етті. 2016–2025 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің Атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету басқармасын басқарды.
2025 жылдың шілде айынан бастап осы кезге дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған Нұржан Құрманғалиев енді «Шығыс Қазақстан облысының өңірлік мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы лауазымына тағайындалды.




