Шығыс Қазақстан облысын бойынша бірқатар қала мен аудандарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы орташа деңгейден жоғары екендігі анықталған. Бұл туралы кезекті әкімдік отырысында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Ансат баяндады, деп хабарлайды F16.kz.
Жыл басынан бері баға белгілеу талаптарының сақталуын бақылау мақсатында әр ауданда ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізілген.
Нәтижесінде 81 әкімшілік іс қозғалған, 49 кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке рұқсат етілген 15 пайыздық сауда үстемесінен асырып баға қойғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ 25 кәсіпкер тауарды баға көрсеткішінсіз сатқаны үшін әкімшілік жаза алған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асты.
16 шілдедегі мониторинг нәтижесінде бірқатар қала мен аудандарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы орташа деңгейден жоғары екендігі анықталды. Мәселен, Үлкен Нарын ауданында шай (+40%), қаймақ (+38%), қияр (+31%), қарақұмық жармасы (+29%), күріш (+28%) пен сүзбе (+28%) қымбатқа сатылған. Бұл көрсеткіштер аудан бойынша бағаның көптеген тауар түрлері бойынша орташа деңгейден жоғары екенін көрсетеді, — деді басқарма басшысы.
Азық-түлік қымбат өңірлер тізімінде екінші Риддер қаласы тұр. Мұнда көкөніс, ет және балық өнімдерінің бағасы жоғары қойылған. Қызанақ – 1350 теңге (+66%), сәбіз – 444 теңге (+28%), сиыр еті – 4500 теңге (+26%) және балық – 2200 теңгеге (+25%) сатылған.
Алтай ауданында да көкөніс өнімдерінің бағасы орташа көрсеткіштен жоғары. Қиярдың бағасы 981 теңге (+45%) болса, қызанақ — 995 теңге (+22%), — деп көрсетілген мониторинг нәтижесінде.
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, халықты қолжетімді бағамен азық-түлікпен қамтамасыз ету және кәсіпкерлерді қолдау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың тиімді тетіктерінің бірі – айналым схемасы. Бұл бағдарлама аясында кәсіпкерлерге төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріледі. Өз кезегінде кәсіпкерлер мемлекет алдында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген бағамен сатуға міндеттеме алады. Мұндай қолдау нарықтағы бағаның күрт өсуіне жол бермей, тұрғындарды қолжетімді бағамен сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында қант, күнбағыс майы, қарақұмық жармасы, күріш, ұн, ас тұзы, картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат секілді күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдері қамтылған, — дейді Исатай Ансат.
Басқарма басшысының айтуынша, бөлінген өнім көлемі мен бекітілген бағалар төмендегідей:
- Қант – 190 тонна, 418 теңге/кг;
- Күнбағыс майы – 25 тонна, 743 теңге/литр;
- Қарақұмық жармасы – 30 тонна, 389 теңге/кг;
- Күріш – 25 тонна, 431 теңге/кг;
- Ұн – 20 тонна, 584 теңге/кг;
- Ас тұзы – 91 теңге/кг;
- Картоп – 219 теңге/кг;
- Сәбіз – 194 теңге/кг;
- Пияз – 133 теңге/кг;
- Қырыққабат – 155 теңге/кг.
Қазіргі уақытта аталған өнімдердің едәуір бөлігі қорда сақталып, тұрғындардың қажеттілігіне қарай кезең-кезеңімен сатылып жатыр.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері өңірдегі 46 сауда нүктесі арқылы халыққа ұсынылады. Оның ішінде 21 әлеуметтік павильон, 25 серіктес дүкен жұмыс істейді.
Бұл сауда орындары арнайы меморандум негізінде қызмет көрсетеді. Соған сәйкес кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына артық сауда үстемесін қоспауға міндеттелген. Нәтижесінде тұрғындар қажетті азық-түлік өнімдерін нарықтағы бағадан төмен немесе тұрақты бағамен сатып алуға мүмкіндік алады, — деді ол.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау мақсатында бірқатар жүйелі шаралар тұрақты түрде қолға алынған.
Атап айтқанда сауда үстемесінің заң талаптарына сәйкестігі тексеріледі, делдалдық тізбектер зерттеліп, негізсіз баға өсіретін факторлар анықталады, барлық сауда объектілерінде тұрақты баға мониторингі жүргізіледі, халықтан келіп түскен өтініштер мен шағымдар жедел қаралады және заң талаптарын бұзған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.




