Биыл Miss World 2026 байқауына Қазақстан атынан өскемендік Бағым Балтабаева қатысады. Алматыда халықаралық байқау алдындағы дайындыққа арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды F16.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Осы жылы 73-ші халықаралық Miss World 2026 байқауы алғаш рет Вьетнамда өтеді. Дәстүрлі іс-шара әлемнің 130-ға жуық мемлекетінің өкілдерін біріктірмек.
Бұл жай ғана сұлулық сайысы емес. Оның негізінде Beauty With a Purpose философиясы жатыр. Мұнда қатысушылардың тек сыртқы келбеті ғана емес, олардың жеке қасиеттері де бағаланады. Өз мемлекеттерін, ұлттық мәдениеті мен әлеуметтік бастамаларын таныстырады. Қайырымдылық жобалары да маңызға ие. Сондықтан ұлттық байқаулардың жеңімпаздары жыл бойы қайырымдылықпен айналысады, — деді «Miss Qazaqstan» байқауының директоры Рамина Ибрагимова.
Бағым Балтабаева — Өскемен қаласының тумасы. Ол Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін «Бастауыш сынып педагогі» мамандығы бойынша аяқтаған. Бойжеткен 7 тамыз күні Вьетнамға аттанып, онда 1 ай бойы халықаралық мәдени шараларға және Miss World бастамаларына қатысады.
Халықаралық байқауда Қазақстанды таныстыратын ару жалғызбасты аналар мен өмірлік қиын жағдайға тап болған көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған жұмыстарға ерекше көңіл бөлгенін айтты.
Сонымен қатар негізгі кезеңдерінің бірі — ұлттық киімді таныстыру бөліміне де ерекше дайындалдық. Биыл қазақ әйелінің бейнесін жаңа бағытта таныстыруды жоспарла отырмын. Бұған дейін қазақ әйелдерін көбіне жауынгер Томирис бейнесі арқылы таныстырса, мен әлемге олардың сұлулығын, нәзіктігін, даналығы мен ішкі гармониясын көрсеткім келеді. Менің ұлттық киімімнің негізі ретінде тазалық пен адалдықтың символы — аққу бейнесі алынды. Осы бейне арқылы мен қазақ әйелінің нәзіктігін, абыройын және бай ішкі әлемін жеткізгім келеді, — деді Бағым Балтабаева.




