Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов №1193 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады, деп хабарлайды F16.kz.
Өңір басшысы сайлау учаскесіне әкесі, жұбайы және балаларымен бірге келген.
Айта кетейік, өңірде дауыс беруге қатысу құқығына ие 485 873 сайлаушы тіркелген. Дауыс беру барысы мен тәртіптің сақталуын 3 мыңнан астам бақылаушы қадағалап отыр. Олардың ішінде 10-ға жуық халықаралық өкіл бар.
Бүгін елімізде маңызды тарихи күн өтіп жатыр. Құрылтай депутаттарының сайлауы – жай ғана дауыс беру емес, елдің дамуы, азаматтық қоғамды нығайту және саяси мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бұл күн жаңа реформаларды жүзеге асыруға, Қазақстанның қазіргі тарихында жаңа парақ ашуға негіз болады. Бүгін менімен бірге әкем, жұбайым және жиенім дауыс беріп жатыр. Мен үшін балалардың кішкентай кезінен бастап елімізде не болып жатқанын, осындай маңызды саяси үдерістердің қалай өтетінін түсінуі маңызды. Олардың тарихи маңызы бар оқиғалардың куәсі болып, жастайынан жоғары азаматтық мәдениет пен саналы көзқарас қалыптастырғанын қалаймын, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Өңір басшысы Шығыс Қазақстан тұрғындарының дәстүрлі түрде жоғары азаматтық жауапкершілік танытатынын атап өтіп, бұл күні де әр сайлаушы өз таңдауын саналы түрде жасайтынына сенім білдірді.
Облыс аумағындағы дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Өңір тұрғындары өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауға қатыса алады.




