Алдағы үш күнде Қазақстанның көп бөлігінде ауа райына жоғары атмосфералық қысым аймағы әсер етеді. Соның нәтижесінде еліміздің басым өңірлерінде жауын-шашынсыз, ашық әрі құрғақ ауа райы қалыптасады, деп хабарлайды F16.kz.
Дегенмен батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарда атмосфералық фронттардың ықпалы сезіледі. Бұл өңірлерде кей жерлерде найзағай ойнап, қысқа мерзімді жаңбыр жаууы ықтимал. Жекелеген аудандарда желдің жылдамдығы да күшейеді.
Синоптиктердің болжамынша, ел аумағының басым бөлігінде күндізгі температура жаз мезгіліндегідей жылы болады.
Күндіз ауа температурасы:
- батыс, солтүстік және орталық өңірлерде +25…+33°С;
- шығыста +20…+25°С;
- оңтүстікте +28…+37°С;
- оңтүстік-шығыста +20…+30°С аралығында болады.
Ал таулы және тау бөктеріндегі аймақтарда ауа температурасы салыстырмалы түрде төмендеп, күндіз +10…+20°С шамасында сақталады. Шығыс Қазақстан мен оңтүстік-шығыстың таулы өңірлерінде түнгі уақыт салқын болады.
Сонымен қатар бүгін Шығыс Қазақстанда түнгі ауа температурасы төмендеп, кей жерлерде 3°С-қа дейін үсік жүруі мүмкін.




