Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Күршім ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізіп, жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды F16.kz.
Аймақ басшысы алдымен аудандағы туризм саласына тоқталды.
Бүгінгі таңда Күршімде 180-ге жуық төсек-орынға арналған 6 туристік орналастыру объектісі тіркелген.
Негізгі бағыттардың бірі – ол экологиялық және рекреациялық туризмді дамыту. Бұл үшін ауданның табиғи мүмкіндіктері мол. Мәселен, Қиын-Керіш шатқалы мен Шекелмес мүйісі, Бұқтырма су қоймасы мен Зайсан көлінің жағалаулары.
Тиісті инфрақұрылымсыз туризмді дамыту мүмкін емес. Кәсіпкерлер туристік объектілерді құру және дамыту үшін қол ұшын созуға дайын. Қиын-Керіш шатқалында туристік аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталды, демалушылар үшін самалжай мен Қиын-Керішке жайлы әрі қауіпсіз жетуге көмектесетін ақпараттық жадынамалар орнатылды, — дейді облыс әкімі.
ШҚО әкімі әлі де келушілер үшін қажетті туристік инфрақұрылым құрып, оларға қолайлы жағдайларды қамтамасыз ете отырып, Қиын-Керіш шатқалының туристік аумағын одан әрі кешенді абаттандыру мен дамыту үшін инвестор тарту мәселесін пысықтауды тапсырды.




