Самар ауылында жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аясында биыл 6,5 шақырым жылу желісін толық аяқтап, 30 көпқабатты тұрғын үй мен Мәдениет үйі, аудандық аурухана мен мектептерді қоса алғанда, 11 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз ету жоспарланған, деп хабарлайды F16.kz.
Самарлық тұрғындар отыз жылдан астам уақыт бойы орталықтандырылған жылусыз өмір сүріп келді. Қыстың қақаған аязында мектептер, ауруханалар мен өзге де әлеуметтік нысандар көмір жағатын автономды қазандықтармен жылытылса, тұрғындар да үйлерінде от жағып, күл шығаруға мәжбүр. Самар ауылында орталықтандырылған жылу жүйесі 1991 жылдан бері жұмыс істемейді. Кейін жылу желілері біртіндеп қирап, жүйе іс жүзінде жойылған. Бұрын салынған бес қабатты үйлерді орталық жылумен қамтамасыз ету мүмкін болмай, олардың кейбірі бос қалған. Ал екі және үш қабатты үйлердің бір бөлігінде тұрғындар пәтерлеріне пеш орнатып, оның ішінде халық арасында «буржуйка» деп аталатын пештерді пайдаланып, қыс мезгілінде баспаналарын өздері жылытып келген.
2025 жылдан бері аудан орталығында жылумен жабдықтау жүйесін қайта қалпына келтіру және жылу желілерін жаңғырту бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр.
Бұл реконструкцияның негізгі мақсаты – ең алдымен әкімшілік ғимараттарды, әлеуметтік нысандарды және көпқабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 6,5 шақырымды құрайды. Сондай-ақ жылу трассасының бойында орналасқан бір пәтерлі тұрғын үйлерді де орталық жүйеге қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Алайда, бұл үшін бірнеше талап орындалуы қажет. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстары аяқталып, жылумен жабдықтаушы ұйымнан техникалық шарт алынуы керек. Яғни жеке тұрғын үйлерді қосу автоматты түрде емес, техникалық мүмкіндік пен тиісті құжаттарға сәйкес жүргізіледі. Бұл мәселе соңғы уақытта тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп жүр. Әсіресе, жылу желісінің бойында орналасқан кейбір тұрғындарды осы сұрақ мазалайды. Бастапқыда әзірленген жобаның негізгі бағыты көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған жылумен қамтуға негізделген, — деп атап өтті Самар аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тимур Екібасов.
Айта кетейік, 1991 жылға дейін аудан аумағында бірнеше шағын қазандық жұмыс істеген. Алайда олардың барлығы біртұтас орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесін құраған жоқ.
Бүгінде бұл жағдайды өзгерту үшін жаңа инженерлік инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс барысында ескі жылу желілері демонтаждалып, олардың орнына жаңа құбырлар төселуде.
Жоспарланған уақыттан ерте аяқтаймыз деп отырмыз. Негізінен биылғы жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Қазір 30 адам жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыстың шамамен 80 пайызы аяқталды. Желтоқсан айына дейін тапсыру жоспарланып отыр, — деді мердігер ұйым өкілі Қайрат Ақботин.
Бұл ретте жылу желілерін жаңарту тек құбырларды ауыстырумен шектелмейді. Жобаның маңызды бөлігі – жылу өндіретін жаңа қазандық салу.
Қазандықтың жобасы мемлекеттік сараптамадан өткен. Қазіргі уақытта мердігер ұйымды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл рәсім кешенді процедура арқылы жүзеге асырылуда.
Тимур Екібасовтың мәліметінше, жаңа қазандық жобасын іске асыру 2027–2028 жылдарға жоспарланған. Қазандық құрылысы аяқталғаннан кейін ғана орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесін толық іске қосу мүмкін болады.
Жылу желілерін жаңғырту жұмыстары Самар тұрғындары үшін тек коммуналдық инфрақұрылымды жөндеу емес, ауылдың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін жоба болып отыр.
Самар ауданының әкімі Серік Жеңісовтің айтуынша, қаржыландыру жоспарға сәйкес жүргізілген жағдайда ауыл 2027 жылғы жылыту маусымына орталықтандырылған жылу жүйесімен кіруі мүмкін.
Жылпа толық аяқтау мерзімі 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгілен.
Самардағы жоба өңірдегі жылу инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарының жалпы ауқымды бағдарламасымен де байланысты. 2026 жылы Қазақстан бойынша 377 шақырым жылу желісін күрделі жөндеу және жаңғырту жоспарланған. Негізгі назар желілерінің тозу деңгейі жоғары өңірлерге аударылып отыр. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан облысы да бар.
Ел көлемінде де жылу инфрақұрылымын жаңарту мәселесіне басымдық беріліп отыр. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2026 жылы 130 шақырым жылу желісін жаңарту көзделген. Жалпы, 2029 жылға дейін ел бойынша 1,6 мың шақырым жылу желісін жаңарту жоспарланған.
Жоспарға сәйкес, жылу желілерінің орташа тозу деңгейін 2026 жылдың қорытындысы бойынша 48 пайызға, ал 2029 жылға қарай 42 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр.




