Өскеменде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалы директорының бұрынғы орынбасары А.А.Рахымжанов пен Д.М.Нұртазин 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды F16.kz.
Істің мән-жайы
Олар өз қарамағындағы «EastGoldStone» кәсіпорнын пайдаланып, Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырған. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.
«EastGoldStone» ЖШС-ның қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензиясы болғанымен, алтын өндіруге рұқсаты болмаған.
Заңсыз алтын өндіруге экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар және жуу жабдықтары пайдаланылған. Өндірілген алтын көлемі 15 келіден асатыны анықталды, құны 844 млн теңгеден жоғары.
Тергеу барысында құны 382 млн теңге болатын 6,7 кг алтын мен 579 г күміс тәркіленді. Қылмыстық әрекет қоршаған ортаға елеулі зиян келтірген. Бүлінген жер аумағы 18,2 гектарды құрады, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар заңсыз әрекет барысында мемлекеттік орман қорының аумағындағы ағаштар мен бұталар зақымдалған. Экологиялық залалды жоюға 300 млн теңге жұмсалыпты.
Сот үкімі
Сот шешімімен құны 372 млн теңге болатын мүлік тәркіленді. Оның ішінде 4 жүк көлігі, 2 экскаватор, 2 тиегіш, гидрожуу құрылғысы, сондай-ақ 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша бар.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.




