Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бүгінде түрлі салаларға кеңінен енгізіліп, нақты міндеттерді шешуге мүмкіндік беріп отыр. Шығыс Қазақстанда да медицинадан ауыл шаруашылығына, су қауіпсіздігінен өндіріс пен мемлекеттік басқаруға дейінгі бағыттарда заманауи технологиялардың мүмкіндігі тиімді пайдаланылып келеді, деп хабарлайды F16.kz.
Мәселен, өңірде 21 мыңнан астам медициналық кескін жасанды интеллект көмегімен өңделген. Сүт фермаларында робот-сауыншылар жұмыс істеп, ауыл шаруашылығындағы еңбек үдерістерін автоматтандыруға жол ашылса, су тасқыны қаупі бар аймақтардағы су деңгейі автоматтандырылған гидрологиялық бекеттер арқылы тұрақты бақылауға болады. Цифрлық технологиялардың өңірдің әр саласында қандай міндеттерді шешіп жатқаны және алдағы уақытта қандай жаңа жобалар іске Үкімет отырысында талқыланды.
Медицинадағы цифрлық серпіліс: дәрігерге көмек және қауіпсіздік
Бүгінде өңірде жасанды интеллект өкпе мен сүт безі қатерлі ісігінің белгілерін анықтау мақсатында медициналық кескіндерді талдау кезінде қолданылады. Қазірдің өзінде цифрлық технологияның көмегімен 21 306 кескін өңделген. Ол өзгерістерді дер кезінде анықтауса көмектессе, телемедицина мамандардың кеңесін қашықтан алуға мүмкіндік береді.
Өткен жылдан бері Ана мен бала орталығында 115 телемедициналық қызмет көрсетіліп, DigitalPathology платформасында 193 халықаралық консультация өткізілген.
Алдағы уақытта денсаулық сақтау басқармасында тағы төрт цифрлық жобаны іске асырылмақ. Жедел жәрдем қызметкерлері үшін бейнетіркегіштер қарастырылған. Ауруханалардың қабылдау бөлімдеріне бейнекамералар орнатылып, олардан түсетін ақпарат нақты уақыт режимінде 102 арнасына беріледі.
Сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, жыл соңына дейін облыста вакциналарды сақтауға арналған тоңазытқыштарды температураны қашықтан бақылау және пайдалану көрсеткіштерін қадағалау датчиктерімен жабдықтауды көздейтін келісімшарт жасалады.
«Ақылды шаруашылық»: өңірдегі фермалар жаңғыртылып жатыр
Ауыл шаруашылығы саласында Шығыс Қазақстан облысындағы жеті тауарлы-сүт фермасына «ақылды шаруашылық» элементтері енгізілген. Кәсіпорындарда қолданылатын жабдықтар да әр түрлі. Атап айтқанда автоматтандырылған сауу қондырғылары, жем беру жүйелері және малды бақылауға арналған бағдарламалар өз нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, «Камышинское» шаруашылығында DairyPlan бағдарламасы төрт түліктің денсаулығын, азықтандырылуын, сауылуын және көбею көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік береді. Әр сиыр бойынша жеке мәліметтер базасы жүргізіледі. Мұнда жем араластырғыш-таратқыш және малға жемді жақындатып беретін арнайы робот та жұмыс істейді.
«Бобровка+» ЖШС мен «Украинка» шаруашылығында робот-сауыншылар қолданылады. Цифрлық жүйелер фермерлерге жұмысты тиімді ұйымдастыруға, табынның өнімділігін бақылауға және ауытқуларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Цифрлық мониторинг және жасанды интеллект: қауіпсіздік пен білімге жаңа мүмкіндік
Аймақтық талдау орталығында бұрын жекелеген тізілімдер мен есептерде сақталған ақпараттар бір жүйеге біріктірілуде. Осы мақсатта 108 тізілім мен 238 есептік нысан цифрландырылды. Жүйеге қазірдің өзінде 25 экологиялық бекет біріктірілген.
Су тасқыны мониторингі 26 автоматтандырылған гидрологиялық бекет пен 49 тәуекел аймағын қамтиды. Мамандар 109 және 112 нөмірлеріне келіп түскен өтініштерді де талдайды, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланады және тәуекелдерді анықтау үшін жасанды интеллект элементтерін енгізіп жатыр.
Цифрлық құралдарды педагогтер де меңгеріп жатыр. Білім беру ұйымдары арасында ChatGPT Edu-дың 2 233 лицензиясы бөлініп, қазірдің өзінде 1 100-ден астам педагог оны жұмыс барысында қолдана бастады. Мұғалімдер жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану бойынша арнайы курстан өткен. Бұдан бөлек, тағы 150 маман Tomorrow School платформасында білім алып жатыр.
Цифрлық мүмкіндіктерді өңірдің қоғамдық өмірі мен әлеуметтік саласына белсендірек енгізу қажет. Алдағы жұмысты деректердің дұрыстығына, ведомстволар арасындағы ақпарат алмасуға және жаңа шешімдердің тұрғындарымызға беретін нақты пайдасына бағыттау маңызды, — деді Нұрымбет Сақтағанов әкімдіктің жауапты басқармалар басшыларына.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов те өңірлерге денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін басқа да салаларда жасанды интеллектіні қолдануды жандандыруды тапсырды.




