Жыл басынан бері «102» желісіне Өскемендегі ойын-сауық орындарынан 926 қоңырау түскен. «Сибинка» дәмханасы, «Bike Club» түнгі клубы мен «Soprano» караоке-бары тәртіп сақшыларын жиі «мазалайтын» мекемелердің алғашқы үштігінде тұр, деп хабарлайды F16.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тоғыз айдың ішінде «Сибинка» кафесі 42, «Bike Club» түнгі клубы 40, ал «Soprano» караоке-бары 30 рет тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінген.
Хабарламалардың басым бөлігі қоғамдық тәртіптің бұзылуына байланысты болған. Атап айтқанда, тыныштықты бұзу, ұсақ бұзақылық, келушілер арасындағы жанжал және басқа да құқықбұзушылықтар бойынша полиция шақырылған.
Жалпы 30 хабарлама бойынша қылмыстық іс тіркеліп, түгел әшкереленген. Оның ішінде бұзақылық, ұрлық, тонау, алаяқтық, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру және өз бетінше әрекет ету секілді фактілер бар.
«Полиция «102» желісіне түсетін ақпаратты жедел жағдайды талдау және профилактикалық жұмыстар жүргізу үшін пайдаланады. Ойын-сауық орындарының өкілдерімен кездесулер өткізіліп, заң талаптарын сақтау және жанжалдардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», — делінген полиция ақпаратында.




