Катонқарағай ауылының тумасы, кәсіпкер Мейір Кәсенов елді мекен орталығындағы 30 жылдан астам уақыт бойы бос тұрған көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғыртуға кірісті.
Катонқарағайдың бүгінде қайта түлеп, аудан орталығы ретінде дамуына жергілікті жанашыр азаматтар да үлкен үлес қосып келеді. Соның бір көрінісі – ауыл орталығындағы жылдар бойы қаңырап бос тұрған көпқабатты тұрғын үйлердің қайта жөнделіп, тұрғындар игілігіне берілуі.
Осындай жұмыстардың бірін Катонқарағай ауылының тумасы, кәсіпкер Мейір Мұхтарұлы Кәсеновтің құрылыс компаниясы қолға алды. Құрылыс саласында 15 жылға жуық тәжірибесі бар кәсіпкер осы уақытқа дейін Астана қаласында түрлі нысандардың құрылысына қатысып, мол тәжірибе жинақтаған. Катонқарағай қайтадан жеке аудан болып құрылғаннан кейін туған жеріне оралып, аудан аумағындағы құрылыс жұмыстарына белсене араласып келеді.
Кәсіпкер бұған дейін де аудан орталығындағы бірқатар нысандарды жөндеуге атсалысқан. Атап айтқанда, ауылдық округ әкімдігінің және бұрынғы «Қазақтелеком» ғимараттарының күрделі жөндеу жұмыстарына қатысып, оларды қайта пайдалануға беруге үлес қосты.
Ендігі қолға алған жобасы – Катонқарағай ауылының орталығында орналасқан бұрынғы екі қабатты тұрғын үйді қайта қалпына келтіру.
30 жылдан астам уақыт бос тұрған үй
Аталған тұрғын үйлер өткен ғасырдың 70-жылдарының соңында салынған. Бір кездері мұнда ауыл тұрғындары тұрақты қоныстанып, үйлер толыққанды пайдаланылған. Алайда 1990-шы жылдардағы күрделі кезеңде көпқабатты үйлердің жылуы, жарығы, су жүйелері біртіндеп тоқтап, тұрғындар үйлерін тастап, ауыл ішіндегі жер үйлерге немесе басқа қалаларға көшіп кеткен.
Содан бері ғимараттар қараусыз қалып, жылдар өте келе есік-терезелері сынып, қабырғалары мен едендері бүлініп, төбелерінен су өте бастаған. Осылайша, бір кездері ауылдың ажары болған ғимараттар 30 жылдан астам уақыт бойы қаңырап бос тұрды. Бүгінде сол үйге қайтадан жан бітуге мүмкіндік бар.
Мейір Кәсеновтің айтуынша, кәсіпкерлік қаражат есебінен бұрынғы жеке меншік иесінен ғимарат 100 млн теңгеге сатып алынған. Ал тұрғын үйді толық қайта жаңғыртуға тағы шамамен 200 млн теңге көлемінде қаржы жұмсау жоспарланып отыр.
– Бұл үй 30 жылдан астам уақыт бос тұрды. Сондықтан мұнда жасайтын жұмыс өте көп. Ғимаратта көп нәрсе қалмаған. Қазір негізгі қара жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Еденін қайта құйдық, сынған-бүлінген жерлерін қалпына келтіріп жатырмыз. Алдағы уақытта терезелерін орнатамыз. Бір апта шамасында жарық, онан соң, кәріз жүйесі және жылу жүйесін тартуға кірісеміз. Жылуы орталықтандырылған болады, – дейді кәсіпкер.
Жөндеу жұмыстары қыркүйек айында басталған. Жоспар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылдың желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс.
15 отбасы баспаналы болады
Жаңғыртылып жатқан ғимарат бұрынғыдай 15 пәтерге есептелген. Мұнда бір және екі бөлмелі пәтерлер орналасады.
Жөндеу кезінде едендер толық қалпына келтіріліп, қабырғалар гипсокартонмен қапталады. Терезелер жаңадан орнатылады, бөлмелер қайта жоспарланып, бөлмеаралық қабырғалар салынады. Шатырында да жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Ғимараттың жағдайы қиын болғанымен, бұрынғы иелерінің бірі кейінгі жылдары шатырын металл жабынмен қаптап кеткен. Соның арқасында үйдің төбесі салыстырмалы түрде жақсы сақталып, жауын-шашыннан қатты зардап шекпеген.
Құрылыс материалдарының негізгі бөлігі Өскемен қаласынан жеткізілуде. Ал цемент пен құмтас секілді кейбір материалдар жергілікті кәсіпкерлерден алынуда.
Жұмыстарға қажетті техниканың басым бөлігі кәсіпкердің өзіне тиесілі. Қазіргі таңда құрылыс алаңында үш камаз және бір жүк тиегіш техника жұмыс істеп тұр.
Құрылыс жұмыстарына шамамен 20 адам жұмылдырылған. Олардың ішінде алты-жетеуі – аудан тұрғындары. Жұмысшыларға еңбекақы келісілген жұмыс көлеміне қарай төленіп, төлемдері уақытылы жүргізілуде.
Жөндеу жұмыстары аяқталған соң ғимарат мемлекет қарамағына беріледі. Кейін пәтерлер тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға үлестірілмек. Атап айтқанда, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, басқа елді мекендерден қоныс аударған азаматтарға, сондай-ақ жас мамандарға баспана ретінде қарастырылуы мүмкін.
Катонқарағайдың осындай елжанды азаматтарының бастамалары аудан орталығының ажарын айшықтап қана қоймай, ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге де өз үлесін қосып келеді.
Тимур Серікхан




