Бұл жөнінде Үкімет үйінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.
Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Еуразиялық даму банкі, Ислам даму банкі, Азия даму банкі және Француз даму агенттігінің өкілдері қатысқан жиында су шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев жобаның маңыздылығын атап өтіп, қаржы институтының өңірдің су ресурстарын ұзақмерзімді басқаруда сараптамалық және қаржылық қолдау көрсетуге дайындығын растады. ЕҚДБ-мен бірлесіп, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысындағы гидротехникалық құрылыстар мен жалпы ұзындығы 676 шақырымнан асатын 56 каналды қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылады.
Суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуін 80,6 мың гектардан 92,3 мың гектарға дейін арттыру және су жинау көлемін 42,7 млн текше метрден 114,5 млн текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінің дамуына оң әсер етеді деп жоспарланған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ЕҚДБ-мен бірлесіп, Риддер қаласындағы тәулігіне 19 мың текше метр су тазарту қуатына ие кәріздік тазарту құрылыстарын реконструкциялау жоспарлары туралы баяндады. Бұл инфрақұрылымды жаңартуға және Тихая өзені бассейніндегі су сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
ЕҚДБ-ның Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озхан су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңыздылығын атап өтіп, банктің Қазақстанның су және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысу ниетін растады.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр тұрғын үй құрылысын дамытудың және су ресурстары саласындағы жобаларды жүзеге асырудың стратегиялық маңызын атап өтті.




