Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Ұранқай ауылының тұрғыны Айзат Емебаева жолдасының қамауға алынуына байланысты әділдік іздеп отырғанын айтты.
Оның сөзінше, 11 шілде күні таңғы сағат 6 шамасында маска киген, қарулы адамдар үйіне кіріп, тінту жүргізген. Тінту барысында тоңазытқышта тұрған балықтары тәркіленген. Әйел балықтың заңды түрде ауланғанын растайтын құжаттары болғанын айтады.
«Үйімнен уылдырық табылған жоқ. Жолдасымды сол кезде тек куәгер ретінде таныған. Алайда екі айдан кейін оны басты күдікті ретінде қамауға алды», — дейді Айзат Емебаева.
Оның айтуынша, осы іске қатысты тағы бес адамның үйінде тінту жүргізілген. Ол үйлердің кейбірінен уылдырық табылғанын, қазір аталған адамдардың үйқамақта отырғанын жеткізді.
Ал жолдасы қазір қамауда. Әйелдің айтуынша, оған жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.
Айзат Емебаева жолдасының ісіне қатысты әділ әрі заңды шешім шығарылуын сұрайды.
https://www.instagram.com/reel/DeMO8ToI627/?stkn=MWUyZXJvZnIxN256eg==




