Oskemen Hub базасында IDEA BATTLE: NEXT GENERATION байқауы өтті. Жиында жас өнертапқыштар бас қосып, медицина, ерте диагностика және ауыл шаруашылығы салаларына арналған жобаларын көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды F16.kz.
Үздік атанғандар қатарында денсаулық сақтау саласына пайдалы, оңалту процесін жеңілдететін жобалар да бар. Мәселен, үздік атанған Zero Muscles командасы RehabBridge жобасы инсульттен кейін оңалтудан өтіп жатқан адамдарға арналған. Оның негізгі идеясы — аурухана мен пациенттің үйі арасында цифрлық көпір қалыптастыру.
Яғни, адам ауруханадан шыққаннан кейін де оңалту процесін жалғастыра алады. Бұл тәсіл медициналық көмекті тек стационармен шектемей, пациенттің күнделікті өмірінде қолдана алуына мүмкіндік береді.
Екінші орын иеленген PreDemention командасы адамның жүрісін талдау арқылы деменцияның ықтимал алғашқы белгілерін анықтауға мүмкіндік беретін жоба ұсынды.
Жас өнертапқыштардың жобасы «Ерте қозғалыс — ерте диагноз — ерте мүмкіндік»қағидасына негізделген. Яғни, қозғалыстағы өзгерістерді ерте байқап, ықтимал когнитивтік бұзылыстарды анықтауға көмектеседі.
Үздік үштікті Rogue One командасының Soilink жобасы түйіндеді. Ол топырақ жағдайын бақылауға арналған жүйе. Жоба аграрлық сала мамандарына топырақтың күйін тұрақты бақылап, егістікті суару мен өңдеу қажеттілігін алдын ала болжауға мүмкіндік беретін ақылды датчиктер желісін қолдануды көздейді.
Мұндай шешім ауыл шаруашылығындағы ресурстарды тиімді пайдалануға және егістік жағдайын нақты деректер негізінде басқаруға мүмкіндік береді.
Аталған шара өңірдегі жастардың технологиялық идеяларын дамытуға, оларды жоба деңгейіне жеткізуге және нақты мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды қолдауға арналған. Oskemen Hub жұмысының негізгі бағыттарының бірі де осы. Мұнда қатысушылар ақыл-кеңес алудан бөлек, түрлі жобамен айналысып, команда құруға және дамуға мүмкіндік алады.




