Риддер қаласында туризм саласын дамытуға және туристер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қаланың туристік әлеуетін арттыру, қонақтарды сапалы орналастыру мүмкіндіктерін кеңейту және заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру мақсатында биыл жаңа нысандардың құрылысы қолға алынған, деп хабарлайды F16.kz.
Жақын күндері Риддерде 30 нөмірге және 60 төсек-орынға арналған «Ridder Inn» қонақ үйі ашылды. Қазіргі уақытта нысанда соңғы әрлеу жұмыстары мен қонақ үйді ашуға дайындық жүріп, қызметкерлер жұмысқа қабылданып жатыр.
Жаңа қонақ үй қалаға келетін қонақтар мен туристерге жайлы әрі қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл қаланың табиғи көрікті жерлерін тамашалауға, демалыс орындарына баруға және өңірдің туристік бағыттарымен танысуға келген туристер үшін маңызды, — дейді аудан әкімі Думан Рахметкалиев.
Туристік инфрақұрылымды жетілдіру – қаланың экономикалық және әлеуметтік дамуына оң ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі. Жаңа нысандардың ашылуы қызмет көрсету саласының дамуына серпін беріп, жергілікті тұрғындар үшін қосымша жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік береді.




