Катонқарағай ауданында жаңа модульдік диспетчерлік пункт қолданысқа берілді. Нысан табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды бақылау және олардың алдын алу жүйесін дамыту аясында бюджеттен тыс қаражат есебінен жабдықталған, деп хабарлайды F16.kz.
Жаңа пунктің ашылу салтанатына ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов қатысты.
Бақылау учаскелерінде алғаш рет су деңгейін өлшеуге және сел қаупін уақтылы анықтауға арналған арнайы датчиктер орнатылды. Олар гидрологиялық жағдайдың өзгерістерін қадағалап, ықтимал қауіптер туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Бөлімше мамандары Бұқтырма және Сарымсақты өзендерінің бассейндеріндегі 98 мұздақ көлді қоса алғанда, сел, қар көшкіні және жер көшкіні қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізеді.
Жаңа модульдік ғимаратта мамандарға қажетті барлық жағдай жасалған. Пункт жұмыс орындарымен, жылыту жүйесімен, электр қуатымен, интернетпен және радиобайланыспен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ қызметкерлердің бақылау учаскелеріне шығуы үшін автотұрақ пен көлік қарастырылған. Бұған дейін бөлімше жалға алынған ғимаратта жұмыс істеді, — деді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Жаңа диспетчерлік пункттің ашылуы және заманауи мониторинг құралдарының енгізілуі табиғи қауіптерді жедел анықтауға, ақпаратты уақтылы жеткізуге және төтенше жағдайлардың алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.




