«Яндекс» сервисіндегі Қазақстан азаматтарының жеке деректері сақталған платформа қаншалықты сенімді? Цифрлық даму министрлігі ел тұрғындарын алаңдатқан сауалға жауап берді.
Министрліктің мәліметінше, қазақстандықтардың дербес деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан және платформалар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алайда бұл бүкіл платформа дербес жұмыс істейді дегенді білдірмейді. Такси және жеткізу қызметтері көрсетілетін жекелеген компоненттер ел аумағынан тыс жерде орналасқан. Сондықтан ел азаматтары қолданатын қосымшада ақау байқалады.
Қазір «Яндекс» қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Министрлік компаниямен және қазақстандық инфрақұрылымдық ұйымдармен қажетті қолдау көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ бір сәтте жүктемесі ұлғайған басқа такси қызметтерімен де тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.




