Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі такси бағасының күрт өсуі туралы хабарламалардан кейін inDrive сервисіне ескерту жасады, деп хабарлайды F16.kz.
Ескерту неге жасалды?
Яндекс Go жұмысындағы іркіліс кезінде inDrive-те қызмет құны үш есеге жуық өскен көрінеді. Мұндай ақпарат БАҚ беттерінде жарияланды.
Кәсіпкерлік кодекстің 174-бабына сәйкес, нарық субъектілерінің тұтынушылардың шектеусіз тобының заңды құқықтарына нұқсан келтіретін іс-әрекеттері бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілерін қамтуы мүмкін. Осыған байланысты агенттік аталмыш сервиске монополияға қарсы заңнаманы бұзуға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерді жасауға жол бермеу туралы жазбаша ескерту жолдады.
Агенттік өкілдері бұл ескертудің алдын алу сипатында екенін және ықтимал бұзушылықтардың алдын алуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және такси агрегаторлары қызметі нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
Жалпы халықаралық тәжірибеде төтенше жағдайлар мен басқа да күтпеген жағдайлар кезінде тарифтердің күрт өсуін тежеуге мүмкіндік беретін механизмдер қолданылады.
inDrive негізін қалаушы не деп түсіндірді?
Бұған дейін inDrive негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томский қалыптасқан жағдайға қатысты өзінің әлеуметтік желілерінде пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, 11 қазан күні таңертең сервис жолаушылар мен тапсырыстардың күрт ағынына тап болған: бірнеше сағат ішінде олардың саны әдеттегі жексенбілік таңмен салыстырғанда үш есеге жуық артқан.
Бос автокөліктердің тапшылығына байланысты сұраныс ұсыныстан асып түсіп, кейбір аудандарда баға айтарлықтай көтерілген. Томский inDrive-та жолаушылар мен жүргізушілер сапар құнын өздері келісетінін, сондықтан сұраныс күрт артқан кезде бағаның өсуі мүмкін екенін атап өтті.
Жүргізушілерді көбірек тарту және жолақының өсуін тежеу үшін компания комиссияны міндетті салықтарды жабуға қажетті минималды деңгейге дейін төмендеткен.
Яндекс Go-ға не болды?
Еске сала кетейік, 11 қазанда Қазақстанда «Яндекс» сервистері жұмыс істемей қалды. Компания мамандардың жұмысты қалпына келтірумен айналысып жатқанын мәлімдеді, бірақ нақты қашан аяқталатынын айта алмады. Сервистегі ақау тек таксиге тапсырыс беру мүмкіндігіне ғана емес, сонымен қатар тамақ пен тауарларды жеткізу қызметіне де әсер етті. Яндекс Go платформаның жекелеген техникалық компоненттері әртүрлі елдерде орналасқанын, сондықтан олардың біріндегі ақау бірден бірнеше мемлекеттегі сервистердің жұмысына әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді.
Ресейлік БАҚ-тың ақпараты бойынша, дрондар «Яндекстің» Владимирдегі, Рязань облысындағы және Калугадағы дата-орталықтарының инфрақұрылымына шабуыл жасаған.




