Алтай ауданының Зубовск кентінде ТЖМ «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің «Алтай» диспетчерлік пункті жаңартылды. 19 жылдан кейін жөндеу жүргізілген нысанның салтанатты ашылуына ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, бөлімше қызметкерлері және жобаға қолдау көрсеткен ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды F16.kz.
1966 жылы Зубовск кентінде болған қар көшкінінен кейін қар жамылғысының жай-күйін бақылау үшін қар көшкіні станциясы ұйымдастырылды. Алғашында мамандар жергілікті мектеп ғимаратында орналасты. 2007 жылы бөлімше үшін жеке ғимарат салынды. Нысан сол уақықттан беру жөндеу көрмеген.
Жаңғырту аясында ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылып, электрмен жабдықтау және жылыту жүйелері жаңғыртылды, қызметтік техникаға арналған гараж жөнделді. Мамандардың жұмыс орындары, демалыс бөлмелері мен санитарлық-тұрмыстық жағдайлары ретке келтірілді. Демеушілердің қолдауымен аумаққа асфальт төселіп, сыртқы жарықтандыру жүйесі мен шамдар орнатылды, шағын сәулет нысандары мен демалыс күркесі жабдықталды. Бұл аумақты кешенді абаттандыруға және мамандардың жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасауға мүмкіндік берді, — дейді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
«Алтай» диспетчерлік пункті сел, қар көшкіні және гидрологиялық жағдайға, соның ішінде Тұрғысын өзенінің бассейніндегі ахуалға мониторинг жүргізеді. Мамандар қар көшкінін ұстап қалатын қалқандардың пайдаланылуы мен техникалық жай-күйіне де жауап береді. Гидрометеорологиялық жағдай туралы ақпарат тәулігіне үш рет, ал жағдай күрделенген кезде әр екі сағат сайын беріледі.
Іс-шара барысында азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазселденқорғау» мамандары министрдің алғыс хаттарымен марапатталды. Диспетчерлік пункті жаңарту табиғи қауіптерге мониторинг жүргізу тиімділігін арттыруға, жедел ден қоюды қамтамасыз етуге және Шығыс Қазақстан тұрғындарының қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.




